Әмірліктерге дейінгі жаңа Жібек жолы


SHA_0643 (2)

 


Дүниежүзінде әлемдік мұхитқа шығар туражолы жоқ 43 мемлекет бар. Оның басымкөпшілігі, яғни 15-і Африкада, 14-і Еуропада, 12-сі Азияда және қалған екеуі Оңтүстік Америкада.Аталған тізімге Орталық Азиядағы барлықмемлекеттер – Қазақстан, Өзбекстан,Түрікменстан, Тәжікстан және Қырғызстанкіреді.

Сонымен бірге, олардың кейбіреуі осындай географиялық орналасуына байланысты ешқандай қолайсыздықты сезінбейді. Мәселен, ашық теңізге шығар жолы жоқ Швейцария экономиканың бәсекелестікке қабілеттілігі деңгейі жағынан әлемдегі алғашқы ондыққа енеді. Теңіз жағалауларынан қашық орналасқан Австрия да экономикалық дамудың жоғары деңгейіне ие және азаматтарының әл-ауқаты бойынша теңіз бойындағы көршілерінен озық тұр.

Қазақстан да үлгі бола алады. Әлемдік мұхитқа шығар су жолы жоқ ең ірі мемлекеттің аумағын Каспий және Арал секілді ішкі құрлықтық теңіздердің суы шайып жатыр. Шын мәнінде, Қазақстан үшін ашық теңізге шығар тура жолдың болмауы экономика дамуына кедергі емес, керісінше, Еуразия құрлығының орталығында орналасқан Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік көпір ретіндегі геосаяси рөлін анықтай түседі.

Соңғы жылдары әлемдік сауда мен өндірістің негізгі орталығы Азияға қарай ауысуда және мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықта көліктің маңызы артып келеді. Қазақстан «Еуропа-Азия» қозғалысында ең қолайлы әрі қауіпсіз транзиттік бағыт ретінде бірегей орынға ие. Қазіргі уақытта елдің аумағы арқылы Қытай мен Еуропаны байланыстыратын төрт халықаралық көлік дәлізі өтуде, оның ішінде ТРАСЕКА (Transport Corridor Europe-Caucasus-Asia) да бар. Барлық жолдардың түйіскен торабы Қазақстанда деп айтуға болады. Қытай экономикасының, оның ішінде батыс аймақтарының қарқынды өсуі қазіргі таңда әлемдік нарықтарға тауарлардың алуан түрлерін жеткізуге деген қажеттілікті туындатып отыр.

Осыған байланысты, жақын арада «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жаңа халықаралық автокөлік жолы іске қосылады. Жолдың ұзындығы 8445 шақырымды құрайды, оның 2787 шақырымы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Аталған транзит дәлізі теңіз жолымен салыстырғанда Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдауды 3,5 есе қысқартады, яғни теңіз арқылы 40 күн кетсе, енді құрлық арқылы 10 күнде жеткізуге болады. Қазақстан арқылы өтетін жүк тасымалының көлемі 10 жылдан соң 2,5 есе өседі деп күтілуде.

Осы ретте, Қазақстанның Қытаймен шекарасында салынып жатқан «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық Аймағы (АЭА) логистиканы дамытудағы тұңғыш ірі әрі озық жоба болып саналады. Аталған аймақ халықаралық ­көлік-логистикалық кешен жүйесінде «құрғақ порт» қағидатымен жұмыс істейтін болады.

Жаңа Жібек жолы стратегиясын іске асыру аясында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ «Dubai Ports World» порт және терминалдық инфрақұрылымының жаһандық операторымен серіктестік орнатты. Атап айтқанда, «Dubai Ports World» компаниясымен бірлесіп, халықаралық тасымалдауды ұйымдастыру, Қазақстанның инфрақұрылымдық қызметін әлемдік сауда және көлік тізбегіне біріктіру үшін Ақтау теңіз порты мен «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА жобасы бойынша өзара әрекеттестіктің бас жоспары жасалған.

Қазіргі уақытта «Қазақстан темір жолы» ҰК мен DP World арасында өзара әрекеттестік үшін қажетті құқықтық база қалыптасқан, бірнеше құқықтық-нормативтік құжаттарға ­қол қойылды, оның ішінде Каспий ­теңі­зі­нің шығыс жағалауындағы Ақтау теңіз порты мен «Қорғас – Шығыс қақпа­сы» АЭА-ны басқаруға қатыс­ты өзара ынтымақтастық келісімі де бар.

Сонымен қатар, қолайлы гео­графиялық орналасуды назарға алып және тарихи Ұлы Жібек жолын жаңа пішімде жандандырудың өзектілігін ескеріп, Қазақстан және басқа да мемлекеттер Орталық Азия мен Парсы шығанағы аймағы арасында құрлықаралық көлік байланысын орнату бағытында күш-жігер жұмсауда.

Парсы шығанағы аймағы Қазақстан үшін сыртқы сауданың серпінін арттыру жағынан үлкен маңызға ие. Оның кем дегенде үш шешуші факторы бар:

— Парсы шығанағы аймағы Азия мен Еуропаның көптеген жүк жол­даушыларының эпицентріне айналуда. Мамандардың болжамынша, Қытайдан Еуропаға, Таяу Шығыс елдеріне, Орталық Азия мен Кавказға қарай жүктің үлкен көлемі жақын уақытта Парсы шығанағына қарай бағытталады;

– Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка құрлығы мен Үндістанға қарай ең қысқа бағыттарды қамтамасыз ететін халықаралық контейнер тасымалының әлемдегі ірі көлік тораптарында (хабтарында) порт және қоймалардың үлкен мүмкіндіктерінің болуы;

— азық-түлік өнімдеріне деген сұраныстың жоғары болуына байланысты экспорттық әлеуетті кеңейту мүмкіндігі (аймақ 80-90% азық-түлік өнімдерін импорттайды).

Осы ретте, «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізінде «оңтүстік қақпалар» рөлін атқаратын Біріккен Араб Әмір­ліктерінің порттық әлеуетін пайдалану үлкен маңызға ие. Бұл – Қазақстанның көлік желісін қамтитын басым бағытқа ие еуразиялық бағыттардың бірі. 28-30 қазанда Дубайда өткен Дүниежүзілік ислам экономикалық форумында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев елімізде бірқатар автокөлік жолдары мен теміржолдар қайта жөнделіп, жаңадан салынғанын, Қытайдан Парсы шығанағына дейінгі қашықтық 1200 шақырымға қысқарғанын атап өтті.

Жақын күндері «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізінің маңызды бөлігі – Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржолы іске қосылады. Жаңа теміржол Қазақстаннан Парсы шығанағындағы Әмірліктердің порттарына қолайлы әрі үнемді жүк тасымалдауды қамтамасыз етеді. «Солтүстік – Оңтүстік» жобасы Азия даму банкі мен Ислам даму банкінің көмегімен 2007 жылы Қазақстан, Түрікменстан және Иран арасында қол қойылған келісім негізінде іске асуда. Жобаның іске асырылуы Еуропа және Азия елдеріне Орталық Азия мен Парсы шығанағы аймақтарына шығу мүмкіндігін береді. Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен Солтүстік және Шығыс Еуропа елдеріне Иран, Түрікменстан, Қазақстан мен Ресей арқылы тауар тасымалдау мүмкіндігі туады.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев аталған трансұлттық жобаның тарихи маңызы бар деп атап көрсетті. «Жаңа жол жүктерді, оның ішінде транзиттік жүктерді жеткізудің ең қысқа жолы болып табылады. Болашақта жолаушыларды да тасымалдайды. Қазіргі жағдайларда уақыт өте маңызды фактор болып саналады. Осы ретте, жүк тасымалы мерзімдерінің қысқаруы бәсекелестіктің елеулі артықшылығын береді. Ол өз кезегінде іскерлік белсенділікке әсер етеді және түптеп келгенде, елдеріміздің әл-ауқатының өсуіне алып келеді», деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.

«Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі аясын­дағы транзиттік және сыртқы сауда жүк тасымалын дамытатын өзекті бағыттың ашылуы қазіргі уақытта қолданылып жүрген жүк тасымалдау жолдарына қарағанда тиімді балама болып саналады. Трансқұрлықтық темір жолының жалпы ұзындығы 3156 шақырымды құрайды, оның ішінде қазақстандық бөлігі: Ақтау – Өзен (169 шақырым) – түрікменстандық бөлігі: Серхетяка – Гызылгая – Берекет – Этрек (700 шақырым), ирандық бөлігі: Инче – Барун – Горган – Теһран – Мешхед – Бафк – Бендер – Аббас (2287 шақырым).

Бендер – Аббас теңіз портынан Әмірліктердің Хамрия портына дейін 120 миль немесе 221 шақырым ғана екені баршаға мәлім. Осылайша, жаңа Жібек жолының Қазақстаннан Әмірліктерге дейінгі жалпы жазылмалы ұзындығы 3377 шақырымды құрайды, яғни Дубайдан Шанхайға дейінгі әуе дәлізінен екі есе аз. Мамандардың пікірінше, жаңа жол Азиядан Жерорта теңізі мен Суэц каналы арқылы Еуропаға дәстүрлі түрде теңіз жолымен 35-40 күнде жүк тасымалдаумен салыстырғанда, жүк тасымалының ұзақтығын 10-12 күнге қысқартады. Өз кезегінде, тиісті көлік инфрақұрылымына сәйкес, көліктік шығындарды 30 пайызға азайтуға мүмкіндік береді.

Аталған бағыттың өзектілігі әлемдік стандарттарға сай келетін көлік-коммуникациялық инфрақұрылымның жоғары транзиттік әлеуетімен байланысты. Жол бойында теміржол стансалары, көпірлер және басқа да ілеспе нысандар салынған, оның ішінде қызмет көрсетуші адамдарға арналған тұрғын үйлер де бар.

Қара теңізге шығатын тура жолда­ры бар елдерде геосаяси жағдайдың өз­гер­уі­не байланысты Каспий бассейнінде ­тран­зиттік жүк тасымалдаудың рөлі елеулі түрде артты. Каспий теңізі мен жа­ға­лаудағы аймақтарды Еуропа мен Азия елдері арасындағы тауар айналымы­ның маңызды транзиттік орталығына айналдыруға объективті жағдайлар қалыптасуда. Азиядан Еуропаға және кері қарай үлкен көлемде жүк тасы­мал­дауға мүмкіндік бар. Алдын-ала бол­жамдар бойынша, бастапқы кезеңде осы жолмен Каспий теңізінен Парсы шығанағына дейін жылына 3-5 млн. тонна жүк тасымалданады, болашақта оның көлемі 10-12 млн. тоннаға артады.

Жибек жолы-3

Қазақстан қазірдің өзінде ферро­қорытпа, мыс, қорғасын, мырыш пен минералды тыңайтқыштар экспорттайтын әлемдегі жетекші елдердің қатарына кіреді. Біздің еліміз ұн мен бидай экспорты бойынша да әлемдегі алғашқы орындарға шықты.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Вице-президенті – Премьер-министрі, Дубай Әмірлігінің Билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактуммен кездескенде Қазақстанның азық-түлікпен қамтамасыз етудің жаһандық орталықтарының біріне айналу мүмкіндігі бар екендігін мәлімдеді. Қазақстанның ауыл шаруашылығына жарамды 90 млн. гектар жерінің 25 млн. гектары дәнді-дақылдар өсіретін алқаптар құраса, 61 млн. гектар жері мал өсіруге тиімді жайылымдарға жатады. Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржолы іске қосылғаннан соң қазақстандық бидайды экспорттау көлемі 5 есе өседі. Сонымен қатар, мамандардың бағалауынша, Әмірліктер Қазақстаннан 500 мың тонна қой етін сатып алуға дайын.

Осылайша, Қазақстанды Әмір­лік­термен байланыстыратын XXI ғасырдың ең басты көлік күретамыры екі­жақты сауда-экономикалық ынтымақтас­тықты ілгерілетудің тиімді катализаторы болмақ.


Қайрат ЛАМА ШАРИФ,

Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі.


“Егемен Қазақстан” газеті, 12 желтоқсан 2014 ж.