Құрметті Мариям Мұхаммед Халфан ар-Руми –

Біріккен Араб Әмірліктерінің Әлеуметтік істер Министрі

Құрметті Елші мырзалар!

Қымбатты достар!

 

1991 жылдың 16 желтоқсанында әлемдік ұлттар шоқжұлдыздар тобында Қазақстан Республикасы деген жаңа жұлдыз жанды. Сол күні біз өзіміздің Қазақстандық Жолымызды бастадық. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде біз ешбір әлемдік рейтингтерге кірмеген едік. Біздің халықаралық рейтингіміз нөлге тең болатын. Жиырма үш жыл бұрын біз өзіміздің экономикамызды көтереміз деп тек қана армандаушы едік. Ал өткен жылы Қазақстан бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына кірді.

Бүгінгі таңда ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлау мемлекетіміздің жемісті экономикалық және саяси даму феноменінің негізіне айналды. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы шеңберінде Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының бәсекеге қабілетті 30 мемлекеттің қатарына кіру туралы жаңа стратегиялық мақсат қойды.

 

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында орнаған мықты саяси және сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты қанағаттанарлықпен атап өткім келеді.  Мемлекеттеріміз арасындағы өзара ықпалдастық – екі жақты ынтымақтастық пен халықаралық күн тәртіптің барлық спектрлері бойынша ашық және сенімді сипатқа ие. Қазақстан Әмірліктерді Таяу Шығыс аймағы мен Шығанақтағы маңызды стратегиялық әріптес ретінде қарастырады.

Қазіргі кезде екі-жақты қарым-қатынас қомақты шарттық-құқықтық негізге сүйенеді. Саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық мәселелердің кең спектрін қамтитын 40-тан астам үкіметаралық және мекемеаралық келісімдерге қол қойылған.

Үстіміздегі жылы Қазақстан Әмірліктер азаматтарына біржақты визасыз тәртіп орнатты. Аталған бастама екі-жақты байланыстарды күшейтуге, БАӘ әлеуетті инвесторларына қолайлы жағдайлар туғызуға, сонымен қатар, елімізге туристер санын көбейтуге бағытталған.

2017 жылы Астанада, ал 2020 жылы Дубайда ЭКСПО халықаралық көрмесі өтеді. Осыған орай бізге ортақ мүдде, яғни жемісті ынтымақтастықтың жаңа алаңы пайда болды.

Ағымдағы жылдың қазан айында Президент Н.Ә.Назарбаевтың БАӘ Вице-Президенті, Премьер-Министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі Биік Мәртебелі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактуммен және Әбу Даби әмірлігінің Тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғары Бас қолбасшысының орынбасары Биік Мәртебелі шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен өткен кездесу барысында екі-жақты қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы мен келешегіне жоғары баға берілді.

Дубайда өткен Дүниежүзілік ислам экономикалық форумында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік исламдық банкинг пен қаржы салаларына қосқан көрнекті жеке үлесі үшін, Орталық Азия аймағындағы исламдық қаржыландыру принциптерін өрлетуі үшін, сонымен қатар, Қазақстандағы алғашқы «әл-Хилал» ислам банкін құру бастамасы үшін «Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» Халықаралық сыйлығымен марапатталғанын қуанышпен тағы да атап өтеміз.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Ғаламдық экономикалық дағдарыс, геосаяси шиеленіс пен энергоресурстарға әлемдік бағаның түсуі жағдайында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында «Нұрлы жол – Болашаққа бастар жол» атты Жаңа экономикалық саясатты жариялады.

«Нұрлы жол» алдағы жылдарда Қазақстан экономикасы өсімінің қозғалтқышына айналады. Қазақстанның стратегиялық ерекшелігі оның дағдарысқа қарсы бағытталған шабуылдық сипаты болып табылады, өйткені әлемдік экономикадағы тұрақсыз жағдайға қарамастан, экономикалық ұмтылысқа берік тұғыр орнату көзделген. Ұлттық экономиканы қорғау мен өндірістік сектордың тұрақты дамуын қамтамассыз ету үшін Үкімет 2015 – 2017 жылдар аралығында Ұлттық қордан жыл сайын 3 млрд. АҚШ долл. қаржы бөледі. Баршамызға мәлім, Қазақстан тәуелсіздік жылдар бойы мұнай сатуынан түскен артық қаржыны өзінің Ұлттық қорында жинақтап келеді.

Қазақстанның жаңа экономикалық саясаты ең алдымен белсенді жол салуды қарастырады, соның негізінде 200 мың жаңа жұмыс орны ашылып, халықтың табысы өседі. Президентіміздің пікірі бойынша, Астанадан шартарапқа автомобиль, теміржол мен әуе магистральдері болатын көлік желістерін құру керек.

Осыған орай, ұзақ мерзімді дамудың басты стратегиялық бағытының бірі әлемдік көлік желілеріне ықпалдастық болып табылады.

Құрметті қонақтар!

Бірнеше күн бұрын Қазақстан, Түрікменстан мен Иран Президенттері салтанатты түрде жаңа темір жолын ашқанын қуанышпен атап өткім келеді. Енді Қазақстан өз тауарларын аталған жолмен әмірліктердің Араб шығанағындағы порттарына қысқа мерзімде және тиімді жеткізе алатын болады.

Қазақстаннан Әмірліктерге дейінгі жаңа Жібек жолының ұзындығы 3 мың километрден астам. Мамандардың пікірінше, жаңа бағдар Азиядан Еуропаға Жерорта теңізі мен Суэц каналы арқылы тауарларды жеткізуге 35-40 күн алатын дәстүрлі теңіз бағытымен салыстырғанда 10-12 күнге қысқарады. Өз кезегінде бұл, тиісті көлік инфрақұрылымына байланысты көлік шығындарын 30 пайызға қысқартуға алып келеді.

Алдын ала болжамдар бойынша, Каспий теңізінен Араб шығанағына дейін бұл магистраль бойынша жылына 3-5 миллион тоннаға дейін жүктер тасымалданады және келешекте оның көлемі 10-12 миллионға дейін өседі. Қазіргі кезде Қазақстан ферроқорытпа, мыс, қорғасын, мырыш, минералды тыңайтқыштарды экспорттаудан әлемдік көшбасшылар қатарында. Сонымен қатар, еліміз ұн мен бидай экспорты бойынша әлемде алдыңғы орындарға ие.

Біз азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін тиімді шешуге ынталанамыз. Қазақстан бірегей ауылшаруашылық әлеуетке ие және өзінің қажеттілігін толық қамтамасыз етумен қатар, әлемдік азық-түлік нарығында ірі тұлғаға айналуға күш жігерін жұмсауда. Жаңадан ашылған Қазақстан – Түрікменстан – Иран – Парсы шығанағы бағытындағы темір жол қазақстандық бидай экспортының көлемі 5 есеге артуға септігін тигізеді. Келешекте Қазақстан бүкіл мұсылман әлемін нанмен қамтамасыз ете алады.

Осыдан бір жыл бұрын Гвинея астанасы – Конакриде Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына (ИЫҰ) мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері Қазақстанның штаб-пәтері Астанада орналасатын азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымын құру жөніндегі бастамасын қолдаған болатын. Қазіргі кезде ИЫҰ-ның жаңа органының Жарғысына 19 мемлекет қол қойды. Жаңа орган мұсылман мемлекеттерінің ауылшаруашық пен азық-түлік қауіпсіздігі салаларындағы күш-жігерін үйлестірумен айналысады.

 

Құрметті меймандар!

Сөзімнің соңында салтанатты кешімізге қош келдіңіздер деймін. Астанадан арнайы келген «Көк түріктер» қазақ ұлттық фольклорлық ансамблі бүгінгі мерекемізге жыр шашуын шашады. Қазақ өнерін тамашалауға шақырамын.

Зейін қойып тыңдағандарыңызға рахмет!