ҚАЗАҚСТАН-ӘМІРЛІКТЕР ЖОҒАРҒЫ ДЕҢГЕЙДЕГІ КЕЗДЕСУЛЕРДІҢ ТІЗБЕСІ


Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне алғашқы ресми сапары 1998 жылғы 25-26 мамырда өтті. БАӘ-нің Президенті шейх Заид бен Сұлтан Әл Нахаянмен кездесу барысында тараптар көлік және ауыл шаруашылығы тәріздісалалардағы ынтымақтастықты дамытудың зор болашағы бар екендігін, Қазақстанды Шығанақтағы араб елдерімен байланыстыратын Трансазиаттық теміржолдың мүмкіндігін және әлемдік нарыққа бірлесіп шығу үшін Әмірліктердің ірі порттарының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануды атап өтті. Сонымен қатар өзара елшіліктер ашу туралы шешім қабылданды.

Келіссөздердің нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.


2002 жылғы 8 қазанда Мемлекет Басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Әбу Даби Әмірлігінің Тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғары Бас қолбасшысының орынбасары шейх Халифа бен Заид Әл Нахаянмен кездесті. Келіссөздер барысында Қазақстан экономикасының мұнай және газ салаларын дамытуға инвестицияларды ұлғайту перспективалары, сондай-ақ сауда, экономикалық және агроөнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.


2004 жылғы 18-22 қаңтарда Мемлекет Басшысы ресми сапармен Біріккен Араб Әмірліктерінде болды. Сапар барысында Н.Ә.Назарбаев БАӘ-нің Президенті шейх Заид бен Сұлтан Әл Нахаянмен және  Әбу Даби Әмірлігінің Тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғары Бас қолбасшысының орынбасары шейх Халифа бен Заид Әл Нахаянмен кездесті.

Кездесулерде басты назар екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту мәселелеріне аударылды. Тараптар өзара ынтымақтастықтың едәуір нығайғанын атап өтті және екі елдің бизнесмендері арасындағы іскерлік байланыстарды тереңдету қисындылығы туралы ой білдірді. Осыған байланысты Астана және Әбу Даби қалаларында арнайы бизнес-орталықтар құру туралы шешім қабылданды.

Сапар кезінде Қазақстан Президенті сондай-ақ «Қазақстанның іскерлік және инвестициялық мүмкіндіктері» атты бизнес-форумның жұмысына қатысты. Елбасы келешегі зор ретінде мұнайгаз саласын, құрылыс индустриясын, автожол, жоғарғы технологиялар салаларын атай келе, БАӘ-нің кәсіпкерлерін Қазақстан экономикасын инвестициялауға белсенді қатысуға шақырды. Өз кезегінде Президент Н.Ә.Назарбаев, Қазақстан кең мөлшерде БАӘ-не астық экспортын қамтамасыз етуге дайын екенін мәлімдеді.

Сапар нәтижесі бойынша екі мемлекет басшылары келіссөздердің сындарлы сипатын және тараптардың достық және өзара түсіністік рухында әрекет жасауға ниеттерін атап өткен Бірлескен коммюникеге қол қойды.


2006 жылғы 16 ақпанда Президент Н.Ә.Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктерінде жұмыс сапарымен болды. Мемлекет Басшысы мен Әбу Дабидің Тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғары Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян арасындағы келіссөздердің нәтижесінде «Қазақстан Республикасы және Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Іс-әрекет жоспары» атты маңызды құжатқа қол қойылды. Осы құжатқа сәйкес, екі елдің үкіметтері өнеркәсіп, көлік және коммуникация, фармацевтика және медицина, құрылыс, білім және ақпарат, Астана қаласын дамыту және жеке секторда өзара ынтымақтастықты жүзеге асыруға келісті.


2007 жылғы 7-11 қарашада Мемлекет Басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінде жұмыс сапарымен болды және БАӘ Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Нахаянмен кездесті. Келіссөздер барысында тараптар экономиканың өнеркәсіп, көлік және коммуникация, құрылыс, фармацевтика және медицина сияқты салаларындағы экономикалық ынтымақтастықты белсендіруді қарастыратын 2006 жылы қол қойылған«Қазақстан Республикасы және Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Іс-әрекет жоспарының» маңыздылығын атап өтті. Үкіметаралық комиссияның жұмысын жоғары бағалай келе, тараптар екі елдің жеке секторы арасындағы байланыстарды барынша дамыту жөнінде пікір білдірді. Осыған орай, Президент Н.Ә.Назарбаев сауда-өнеркәсіп палаталары қамқорлығымен Қазақстан-Әмірліктер іскерлік кеңесін құруды ұсынды.

Мемлекет басшылары сондай-ақ өзара мүдделі бірқатар халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасты, екі мемлекеттің халықаралық құрылымдар шеңберіндегі, мәдени-гуманитарлық саладағы ықпалдастықтың жекелеген мәселелерін талқылады.

БАӘ-не жұмыс сапары барысында Мемлекет Басшысы осы елдің іскер топ өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Мұнай инвестициялары жөніндегі Әбу Даби халықаралық компаниясының басқарма төрағасы шейх Мансұр бен Заид Әл Нахаянмен, Әбу Даби Сауда-өнеркәсіп палатасы басқармасының мүшесі – Мердігерлік жұмыстар бойынша комиссияның төрағасы Хәлфан әл-Каабимен және инвестициялық «Мубадала» компаниясының Атқарушы директоры Халдун Халифа әл-Мубаракпен кездесулер өтті. Қазақстан жағынан кездесулерге «Қазына» тұрақты даму қоры АҚ Басқарма төрағасы Қ.Н.Келімбетов, «Мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық «Самрұқ» холдингі» АҚ Төрағасы Қ.А.Бозымбаев қатысты. Қазақ тарабыәр қайсысын жүзеге асыру үшін бірнеше миллиард долларды қажет ететін мұнайхимия, мұнайгаз саласында және металлургиялық кешендегі жобаларды таныстырды.

Шейх Мансұр бен Заид Әл Нахаян қазіргі уақытқа дейін БАӘ-нің Қазақстан экономикасына инвестициялары негізінен жылжымайтын мүлік немесе қалалық инфрақұрылым саласына жіберілгенін атап өтті. Ендігі жерде өндіріс, оның ішінде энергетика саласында инвестициялық ынтымақтастық орнатуға барлық алғы шарттар бар екендігі сөз болды. Шейх БАӘ-нің Қазақстандағы екпінді жобаларды инвестициялауға қызығушылық танытатынын мәлімдеді.


Президент Н.Ә.Назарбаевтың БАӘ-ге жасаған жұмыс сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мақсатында 2007 жылғы 31 қарашада Әбу Даби Әмірлігінің Тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғары Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян жұмыс сапарымен Астанада болды. Сапар барысында Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың перспективалары талқыланды.


2008 жылғы 15 шілдеде Мемлекет Басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Нахаянмен, оның Қазақстанға ресми сапары аясында кездесті.

Шағын және кеңейтілген құрамда өткен келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың деңгейі мен болашағы талқыланды. Тараптар соңғы екі жыл ішінде аталған салалардағы қарым-қатынастың одан әрі нығая түскенін атап өтті.Елбасы Біріккен Араб Әмірліктерінің Астананың инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті және Әмірліктің Оңтүстік Қазақстан облысында тұрғызылатын кешенді мешіті мен перзентхананы қаржыландыру шешімін жоғары бағалады.

Шейх Халифа бен Заид Әл Нахаян Президент Н.Ә.Назарбаевты Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапармен келуге шақырды.

Мемлекет Басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Нахаянмен бірге оның Қазақстанға ресми сапары шеңберінде Астананың бірқатар нысандарын аралады.Мемлекеттер басшылары Бейбітшілік және келісім сарайын, сондай-ақ жаңа Тәуелсіздік сарайын аралап көрді, онда БАӘ-нің Президенті елорданы дамытудың бас жоспарымен танысты.


2009 жылғы 16-17 наурызда Мемлекет Басшысыресми сапармен Біріккен Араб Әмірліктерінде болды, онда БАӘ Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Нахаянмен кездесті.Екіжақты келіссөздер барысында саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы қазақстан-әмірліктер өзара қарым-қатынасын дамыту мәселелері талқыланды.

Кездесу соңында БАӘ Президенті Н.Ә.Назарбаевты Біріккен Араб Әмірліктерінің жоғары мемлекеттік наградасы – Заид орденімен марапаттады. Награда БАӘ тұңғыш Президенті шейх Заид бен Сұлтан Әл Нахаянның құрметіне тағайындалған. Қазақстан Президенті өз кезегінде, Әмірліктер Басшысына екіжақты қарым-қатынастарды нығайту ісіне қосқан үлесі үшін «Алтын Қыран» орденін тапсырды.

Келіссөздер нәтижесі бойынша бірқатар құжаттарға, оның ішінде қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімге және азаматтық және коммерциялық істер бойынша құқықтық көмек туралы келісімге қол қойылды.

Сол күні Мемлекет Басшысы Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан мәдениеті күндерінің ашылу салтанатына арналған қазақстандық өнер шеберлерінің концертін тамашалады.


Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аясындаМемлекет Басшысы 2009 жылғы 17 наурызда Қазақстан мен БАӘ Іскерлік кеңесінің отырысына қатысты.Өзінің сөйлеген сөзінде Елбасы, Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерімен ынтымақтастыққа үлкен мән беретінін, осы елмен табысты әріптестік байланыстар орнығып келе жатқанын атап өтті.Президент екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастарды тұрақты әрі табысты саяси-экономикалық ынтымақтастықтың үлгісі деп атады. «Дамыған алпауыт елдердің жеке өздері экономикалық проблемаларды еңсеруге қауқарсыз болып отырған қазіргідей дағдарыс жағдайында өзара іс-қимылдың жаңа жолдарын іздестірудің өзектілігі одан сайын артып отыр», – деді Президент Н.Ә.Назарбаев.

Содан кейін Мемлекет Басшысы БАӘ-нің ірі бұқаралық ақпарат құралдары – «Abu-Dhabi TV» телеарнасының, «WAM» ақпарат агенттігі мен «Russian Emirates» журналының тілшілеріне сұхбат берді.


2009 жылғы 28 тамызда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен Астанада «Әбу Даби Плаза» көпфункционалды кешенінің құрылысына бөлінген жер телімінде іргетастың негізіне рәміздік капсула салудың салтанатты рәсімі өтті.


 2009 жылғы 2-4 қарашада Мемлекет Басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінде жұмыс сапармен болып, осы елдің астанасы Әбу Дабиде «Формула І» халықаралық жарысының қорытынды кезеңінің рәсіміне қатысты. Оның шеңберінде Қазақстан Президенті Испания Королі Хуан Карлос І, Швеция Королі Карл XVI Густавпен және Бахрейннің Тақ мұрагері ханзада Салман бен Халид әл-Халифамен кездесті.

Сол күні Мемлекет Басшысы БАӘ Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Нахаянмен кездесті.Келіссөздер барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен көкжиектерін талқылады, өзекті халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасты.

Мемлекет Басшысы сондай-ақ HSBC банкініңБас менеджері С.КуперменҚазақстанда ислам банкингін дамыту және жаңа қаржы құралдарын ендіру жөніндегі мәселелербойынша келіссөздер өткізді.


2010 жылғы 30 наурызда Мемлекет Басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Халиф бен Заид Әл Нахаянға оның бауыры шейх Ахмед бен Заид Әл Нахаянның әуе апатынан қаза табуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.


2010 жылғы 11 сәуірде Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев Вашингтонға Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ғаламдық саммитке қатысу үшін келген мемлекет басшыларымен кездесулер өткізді.Әбу Дабидің Тақ мұрагері,Біріккен Араб Әмірліктері Қарулы күштерінің Жоғары Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесуде Қазақстан мен БАӘ арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың дамуы жөнінде әңгіме өтті.


2010 жылғы 6-7 шілдеде БАӘ Премьер-Министрінің орынбасары, Ішкі істер министрі генерал-лейтенант шейх Сейф бен Заид Әл Нахаян бастаған делегация еліміздің елордасы Астана қаласының 12 жылдық мерейтойына арналған шараларға қатысты.

Сапар барысында шейх Сейф бен Заид Әл Нахаян Президент Н.Ә.Назарбаевпен кездесіп, оның барысында БАӘ Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Нахаянның елбасының мерейтойы мен Астана қаласының мерекесіне орай жолдаған құттықтауларын жеткізді. Сонымен қатар шейх Сейф ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовпен келіссөздер өткізді.


2011 жылғы 30 қаңтарда Мемлекет Басшысы Қазақстанға VII қысқы Азия ойындарының ашылу рәсіміне қатысу үшін келген ӘбуДаби Тақ мұрагерішейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесті.


2011 жылғы 2-4 қарашада Мемлекет Басшысы жұмыс сапарымен Біріккен Араб Әмірліктерінде болды.Қазақстан Президенті БАӘПремьер-министрінің орынбасары –Президент істері жөніндегі министрі шейх Мансұр бен Заид Әл Нахаянмен кездесті.

Кездесу барысында екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту және нығайту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, алдағы уақытта Әбу Даби қаласында Қазақстан-Әмірліктер үкіметаралық комиссиясының 5-отырысын өткізу мәселесі, сондай-ақ Қазақстанның Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен инвестициялық ынтымақтастығын дамытуға арналған 2011 жылдың қазан айында ӘбуДаби қаласында өткен бизнес-форумның қорытындысы талқыланды.

Мемлекет Басшысы форум аясындағы қазақстандық және араб компаниялары арасында қол жеткізілген уағдаластықтар нақты жоба ретінде іске асырылатынына сенім білдірді.


2011 жылғы 3 қарашада Мемлекет Басшысы Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары аясында БАӘ Қарулы күштері Жоғары Бас қолбасшысының орынбасары, Әбу Даби әмірлігінің Тақ мұрагері шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесті.

Тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың бүгінгі жағдайы мен келешегін талқылады.Қазақстан Президенті қазіргі уақытта «Әбу Даби Плаза» көпфункционалды кешенінің жобасы іс жүзінде құрылыс жұмыстары сатысына көшкенін атап өтті.

Тараптар ТМД елдеріндегі жалғыз ислам банкі «әл-Хилял» банкінің табысты қызметін ерекше атап өтті. Әбу Даби Тақ мұрагері екіжақты ынтымақтастықтың қарқынына қанағаттанушылық білдірді және БАӘ Қазақстанмен мұнайгаз және мұнайхимия салаларында жемісті ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін атап өтті. Әмірліктер тарабы Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына ерекше қызығушылық танытуда. Биылғы жылы қазақстандық астықтың мол жиналғанын ескере отырып, әмірліктер тарабы қазақстандық бидай экспорты мәселесін қарастыруға дайын.

Тараптар сондай-ақ Қазақстан Үкіметі мен БАӘ Үкіметі арасында инвестицияны ынталандыру және өзара қорғау туралы келісім жобасына қол қоюға әзір екендігін білдірді.


2012 жылғы 9-13 ақпан аралығында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев жұмыс сапарыменБіріккен Араб Әмірліктерінде болды. Мемлекет Басшысы БАӘ-нің Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Нахаянмен кездесті.Оның барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Қазақстан Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Нахаянды мемлекет құрылғанының 40-жылдық мерейтойымен құттықтады және достас Біріккен Араб Әмірліктерінің халқына құт-береке мен гүлдену тіледі.Мемлекет Басшысы Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанның араб және мұсылман әлеміндегі маңызды әріптесі болып табылатынын ерекше атап өтті.

Тараптар Таяу Шығыс және Солтүстік Африка өңіріндегі көкейтесті проблемалар бойынша ұстаным ұқсастығын атап өтті. Атап айтқанда, Сириядағы жағдайды талқылай келе, мемлекет басшылары жағдайды тұрақтандыру мақсатында және қарулы қақтығысты болдырмау үшін дипломатиялық іс-шараларды қолдану қажеттігін атап көрсетті. Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Иран, сондай-ақ Сирия төңірегіндегі ахуалды шұғыл тұрақтандыру қажеттігін қолдайтынын, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымындағы төрағалығы шеңберінде белсенді жұмыс жүргізетінін атап өтті.

Елбасы мен шейх Халифа бен Заид Әл Нахаян сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға бар әлеуетті жоғары бағалады. Мемлекет Басшысы 2012 жылы Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 20 жыл толатынын атап өтті.

Тараптар 2011 жылғы қарашада Абу Дабиде жемісті өткен Қазақстан-Әмірліктер үкіметаралық комиссиясының 5-отырысының нәтижелерін оң бағалады, сондай-ақ үкіметаралық комиссияның кезекті 6-отырысын ағымдағы жылдың екінші жартысында Қазақстанда өткізу ниеттерін қуаттады.

Орын алған келіссөздер кезінде жуық арада кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы, инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы келсімдерге қол қою, сондай-ақ Қазақстан мен БАӘ арасындағы әуе қатынасы туралы келісімнің жобасы бойынша келіссөздердің кезекті кезеңін өткізу үшін осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажеттігі атап өтілді.

Тараптар ірі инвестициялық жобалар бойынша уағдаластықтардың жемісті орындалуын ерекше атап өтті. Қазақстан Президенті қазіргі уақытта «Алдар Пропертиз» компаниясы жүзеге асырып жатқан «Әбу Даби Плаза» көпфункционалды кешен жобасы нақты құрылыс жұмыстарына көшкенін айрықша атап көрсетті. Осы орайда, Президент Н.Ә.Назарбаев жобаның кешен құрылысы туралы үкіметаралық келісімде белгіленген мерзімге сәйкес жүзеге асатынына үміт артты.

Тараптар бұрынғы кеңестік өңірде тұңғыш ислам банкі «әл-Хилял» банктің Қазақстандағы жемісті қызметіне қанағаттанушылық танытты. Астана және Алматы қалаларынан кейін Шымкентте үшінші филиалының ашылуы, Қазақстанда 2009 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан банктің жұмысы белсенді жүріп жатқандығының айқын дәлелі бола алады.

Қазақстан-Әмірліктер «әл-Фалах» қоры жұмысының басталғаны қанағаттанушылықпен атап өтілді. Мемлекет Басшысы жақын уақытта қор Қарағанды жылуэлектр орталығы қуатын кеңейтуге инвестиция салуға ниеттеніп отырғанын хабарлады.

Өз кезегінде, БАӘ Президенті екіжақты ынтымақтастықтың қарқынына қанағаттанушылық танытты және Әмірліктердің Қазақстанмен мұнайгаз және мұнайхимия салаларында жемісті ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін атап өтті. Әмірліктер тарабы біздің еліміздің ауыл шаруашылығы саласына ерекше қызығушылық танытуда. Өткен жылы Қазақстанда астықтың мол жиналғанын ескере отырып, әмірліктер тарабы қазақстандық бидайды экспорттау мәселесін қарастыруға дайын екендіктерін білдірді.

Екі ел арасында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуда шағын және орта бизнес өкілдері белсенді рөл атқаруы қажет. Тараптар Қазақстан-Әмірліктер Іскерлік кеңесі арқылы шағын және орта бизнес өкілдері арасында әріптестік қатынастарды дамыту үшін қолайлы жағдай тудыру және оларға қолдау көрсету керектігін атап өтті.

БАӘ Президентімен кездесу барысында Мемлекет Басшысы Астана қаласының кандидатурасы 2017 жылғы ЭКСПО халықаралық көрмесін өткізуге ұсынылғанын хабарлады. Нұрсұлтан Назарбаев ірі халықаралық іс-шараны өткізуге Астананың кандидатурасына БАӘ тарабынан қолдау білдірілуі, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға зор үлес болатынын атап өтті.

БАӘ-де Жаңғырмалы энергия көздері жөніндегі халықаралық Агенттіктің штаб-пәтері орналасқан, «Масдар» компаниясы БАӘ Үкіметінің қолдауымен экологиялық таза «Масдар Сити» қалашығы жобасын жүзеге асыруда. Сонымен қатар жыл сайын БАӘ астанасында болашақ энергияның әлемдік Саммиті өткізіледі.Осыған байланысты, Мемлекет Басшысы экологиялық таза және жаңғырмалы энергия көздерін дамыту, қолдау және пайдалану мәселелеріндегі БАӘ тәжірибесі Қазақстанға зор қызығушылық тудыратынын атап өтті.

Жаңғырмалы энергия көздерімен жұмыстың жаңа әдістерін құру және зерттеу саласындағы әлемдегі бірінші білім мекемесі болып табылатын «Masdar Institute» ғылыми-техникалық институты Қазақстаннан 15-ке жуық аспирантты тегін оқуға қабылдауға дайындығын хабарлағанын атап өткен жөн.

Сол күні Елбасы Әбу Даби Тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғары Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөздер өткізді. Оның барысында сондай-ақ түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықты алдағы уақытта жандандыру мәселелері талқыланды.

Мемлекет Басшысы сондай-ақ БАӘ Премьер-Министрінің орынбасары-БАӘ Президент істері жөніндегі министрі шейх Мансұр бен Заид Әл Нахаянмен кездесті.Сұхбат барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту және одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.

Қазақстан Президенті Астанадағы «Әбу Даби Плаза» көпфункционалды кешен жобасының табысты іске асырылып жатқанын атап өтті.


2012 жылғы 2-4 қарашада Президент Н.Ә.НазарбаевтыңБАӘ-не жұмыс сапары болды, оның барысындаӘбуДаби Тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы күштері Жоғары Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наhаянмен, Премьер-Министрінің орынбасары – БАӘ Президенті істері жөніндегі министрі шейх Мансұр бен Заид Әл Нахаянмен, БАӘ-нің Сыртқы істер министрі шейх Абдалла бен Заид Әл Нахаянмен кездесулер өтті.

Кездесулердің нәтижесі бойынша көпфункционалды «Әбу Даби Плаза» кешенінің құрылысы төңірегінде орын алған жағдайды реттеу үшін бірлесіп іс-шаралар қабылдау туралы уағдаластыққа қол жетті.


2012 жылғы 4 қарашада Қазақстан Президенті ӘбуДаби Тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы күштері Жоғары Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наhаянның шақыруымен «Гран-При Абу-Даби Формула-1» финалдық жарысының кезекті кезеңінің ашылуына қатысты. Мемлекет Басшысы іс-шара барысында жарыстың ашылуына қатысқан бірқатар шетелдік мемлекет басшыларымен кездесу өткізді.


2014 жылғы 28-30 қазанда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары болды, оның барысында БАӘ-нің Вице-Президенті, Премьер-Министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі Мұхаммед бен Рашид Аль Мактуммен кездесті.Кездесу барысында тараптар өзара іс-қимылдың сауда-экономикалық, инвестициялық, индустриялық-инновациялық және көлік-логистикалық салаларындағы басым бағыттарын талқылады.Сондай-ақ Каспий теңізінде бірқатар жобаларды бірлесе жүзеге асыру және Қорғас көлік-сервис торабын дамыту бойынша ынтымақтастықтың мүмкіндіктері қарастырылды.


Сапар бағдарламасына сәйкес, 2014 жылғы 28 қазанда Мемлекет Басшысы Дубай қаласында «Экономикалық өсім жолындағы инновациялық серіктестік» тақырыбына арналған Дүниежүзілік ислам экономикалық форумының 10-шы отырысының жұмысына қатысты. Форумдағы өз сөзінде Қазақстан Президенті әлемдік энергетикалық ресурстардың 70% бақылау жасайтын Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына әлемдік ІЖӨ-нің тек 7,5% және жаһандық тауар айналымының 11,2% ғана тиесілі екенін айтты. Бұл ретте мұсылман әлемі халық санының өсуі, кедейлік, табиғи ресурстардың біртіндеп сарқылуы, экологияның нашарлауы секілді елеулі мәселелерге кезігіп отыр.Осы сын-қатерлерді лайықты қарсы алып, еңсеру үшін батыл ынтымақтастық және қажетті бастамалар қабылдау керек болады, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына біздің елдің төрағалығы барысында Ислам әлемінің ХХІ ғасырдағы дамуының негізі ретіндегі жаңғыру мен реформаларға бағытталған ИЫҰ-ның Астана декларациясы қабылданғанын еске салды.«Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан ислам әлемін әрі қарай нығайту мен дамытудың табанды жақтаушысы болып қала береді», – деді Мемлекет Басшысы.

Қазақстан Президенті атап өткеніндей, біздің еліміз жаңа индустриялық бағдарлама аясында БАӘ, Иран, Түркия және Малайзиямен белсене жұмыс жүргізуде.2,5 миллиард доллар болатын перспективалы 15 жобамен жұмыс жасалуда.

Мемлекет Басшысы Қазақстан инвесторларды тарту үшін барлық жағдайды жасап, тиімді көліктік-логистикалық инфрақұрылым қалыптастырып жатқанын атап өтті.«10 мың шақырымнан астам автокөлік жолы, 2,5 мың шақырым теміржол салынды және қайта жөнделді. Қытайдан Парсы шығанағына дейінгі қашықтық 1200 шақырымға қысқарды», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет Басшысы атап өткендей, Қазақстан ауыл шаруашылығы мақсатындағы, жалпы ауданы 90 миллион гектарға жуық жерге ие бола отырып, азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық орталығына да айнала алады.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Ислам даму банкімен біздің елдің инвестиция тарту және ислам банкингін дамыту саласындағы ынтымақтастығының жемістілігіне назар аударды. Бүгіндебұлбағытбойыншаотандықэкономикаға 700 миллионнанастам доллар инвестиция салынған.

Мемлекет Басшысы 2007 жылы біздің еліміз БАӘ-мен бірлесіп, Қазақстанда 500 млн. долларды капитализациялау арқылы «әл-Хилял» алғашқы ислам банкін ашуға шешім қабылдағанын еске салды. Қазіргі кезде Қазақстан Алматыны ТМД және Шығыс Еуропа елдері үшін исламдық қаржыландырудың өңірлік хабы ретінде көрсетіп отыр.

Сөз соңында Елбасы Дүниежүзілік ислам экономикалық форумына қатысушылар әлемдік экономиканы дамытуға деген көзқарасты қайта байыптау ісіне өз үлестерін қосатындарына сенім білдірді.

10-шы Дүниежүзілік ислам экономикалық форумының аясында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевты «Global Islamic Finance Awards (GIFA)» ұйымының «Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығымен марапаттау рәсімі болды. Мемлекет Басшысына сыйлықты «Edbiz Consulting Limited» компаниясының Бас атқарушы директоры доктор Хумайон Дар тапсырды. Марапаттау рәсіміне БАӘ-нің Вице-Президенті, Премьер-Министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум де қатысты.

Сыйлық ислам қаржы нарығын өңірлік және халықаралық деңгейде дамыту мен ілгерілетуде жеткен зор табыстар үшін берілді.2009 жылдан бері Қазақстан исламдық қаржыландыру қағидаттарын заңнамалық тұрғыдан енгізу жөнінен ТМД мен Орталық Азияда көшбасы саналады. «Қазіргі уақытта Қазақстанда ислам банкингі, сақтандыру және лизинг саласында өз қызметтерін ұсынатын исламдық қаржы институттарының тұтас бір шоғыры жұмыс істейді», – деді Мемлекет Басшысы.

Елбасы сондай-ақ Қазақстанның халықаралық ислам ұйымдарының қызметіне белсене араласатынын ескере отырып, оның исламдық қаржыландыруды дамытудағы рөлі күшейе беретіндігін атап өтті.Қазақстан Президенті жоғары наградамен марапаттағаны үшін GIFA-ға алғыс айтып, ұйымның алдына қойған мақсаттарына жету жолында табысты болуына тілектестік білдірді.

10-шы Дүниежүзілік ислам экономикалық форум аясында шетелдік мемлекеттердің басшыларымен екіжақты кездесулер өтті. Малайзияның Премьер-министрі Наджиб Тун Разакпен кездесуде екіжақты, соның ішінде сауда-экономикалық, инвестициялық, сондай-ақ инновация мен жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамытудың кең ауқымдағы мәселелері қарастырылды.Ал Люксембург Ұлы Герцогтігінің Премьер-министрі Ксавье Беттелмен кездесуде сауда және инвестициялық бағыттарды қоса қамтитын экономикалық өзара іс-қимыл аспектілері талқыланды.


2014 жылғы 30 қазанда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Әбу Дабидің Тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғары Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесті. Кездесуде сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық басымдығы бар мәселелері қарастырылды.Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті тұстарын талқылады.

Мемлекет Басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің даму қарқыны жоғары екеніне назар аудара отырып, елдеріміздің арасындағы өзара іс-қимыл соңғы жылдары барлық негізгі бағыттар бойынша нығайғанын атап өтті.Әңгіме барысында Таяу Шығыс елдерінің ішінде БАӘ-нің Қазақстандағы негізгі инвесторлардың бірі болып отырғаны да айтылды.