Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Біріккен Араб Әмірлігінің Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігі арасында консулдық мәселелер бойынша бірлескен комиссия құру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум

IN Келісім On 02-02-2017


Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Біріккен Араб Әмірлігінің Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігі арасында консулдық мәселелер бойынша бірлескен комиссия құру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум 


Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Біріккен Араб Әмірлігінің Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігі, бұдан әрі «Тараптар» деп аталатындар:

достық қарым-қатынастарды одан әрі нығайту, кеңейту және тұрақтандыру мақсатымен;

екі ел азаматтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін

төмендегі уағдаластықтарға қол жеткізді: 


1-бап

Тараптар консулдық мәселелермен айналысатын Бірлескен консулдық комиссия құрады. Ол «Бірлескен консулдық комиссия» деп аталатын және әрбір Тарап өкілдерінен тұратын болады. Комиссия өз мәжілісін жыл сайын, тұрақты түрде және екі елде кезектесіп немесе екі Тараптың шешімі бойынша өткізеді.


2-бап

Әрбір Тарап Бірлескен консулдық комиссиядағы өз өкілдерінен басшы тағайындайды. Комиссия шешімі келісу негізінде қабылданады. Әрбір Тарап өкілдерінің басшылары комиссия мәжілістерінде бірлесе отырып төрағалық етеді.    


3-бап

Бірлескен консулдық комиссия консулдық саладағы ынтымақтастықты төмендегі түрде дамытатын болады: 

1. Консулдық мәселелер бойынша ықтимал шиеленістер мен қиындықтар туындаған жағдайда екі елдің екінші Тарап аумағындағы азаматтарына дер кезінде тиімді консулдық көмек көрсетеді және орын алған қиындықтар мен проблемаларды жоюға ықпал етеді. Көмек әрбір Тараптың ұлттық заңнамаларына сәйкес көрсетілетін болады.

2. Консулдық мәселелер, оның ішінде екі ел арасындағы реттелмеген консулдық мәселелерді шешу, бір Тараптың екінші Тарап аумағында жүрген азаматтарына қажеттілігіне қарай құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ консулдық салада туындаған барлық басқа да мәселелер бойынша тұрақты түрде ақпарат алмасады. 


4-бап

1. Бірлескен консулдық комиссияның нәтижелері мен ұсынымдарын одан әрі іске асыру үшін Бірлескен консулдық комиссия шағын комитеттер құра алады. Шағын комитеттер мүшелері әрбір тараптан консулдық мәселелерге қатысатын лауазымды тұлғалар қатарынан құрылады.      

2. Шағын комитеттердің қызмет нәтижелері мен ұсынымдары орынды шешім қабылдау үшін Бірлескен консулдық комиссия қарауына ұсынылуы тиіс. 


5-бап

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Біріккен Араб Әмірлігінің Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігі Бірлескен консулдық комиссия мен оның шағын комитеттерінің кезекті кездесулерін үйлестіруге және дайындауға жауапты болады. 


6-бап

Тараптар арасында осы Меморандум ережелерін түсіндіру мен қолдануға қатысты туындаған кез келген даулар Тараптар арасындағы өзара консультациялар мен келіссөздер, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктері арқылы шешіледі.  


7-бап

Тараптардың әрбірі келесі Тарап келіскен жағдайда Өзара түсіністік туралы осы меморандумға кез келген өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады. Өзгерістер дипломатиялық арналар бойынша ресми ноталар алмасу арқылы күшіне енеді.   


        

8-бап

Осы Меморандум оған қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.

Осы Меморандум бес жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың бірі ағымдағы кезеңнің аяқталуына кем дегенде алты ай қалғанға дейін дипломатиялық арналар бойынша екінші Тарапқа оның күшін тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жібермесе, онда келесі бесжылдық мерзімге өздігінен ұзартылатын болады.   

2017 жылғы «15» қаңтарда Әбу Даби қаласында әрқайсысы қазақ, араб, ағылшын тілдерінде екі данада жасалды. Барлық мәтіндердің күші бірдей.

Осы Меморандум мәтінінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.


Қазақстан Республикасының

Сыртқы істер министрлігі үшін

Қайрат Әбдірахманов

Сыртқы істер министрі


Біріккен Араб Әмірлігінің

Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігі үшін

Шейх Абдалла бен Заид Әл Наһаян

Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі
 


SHARE THIS ON:

2

FEB