Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Жер үсті және су көлігі федеральды агенттігі арасындағы жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы өзара түсіністік туралы МЕМОРАНДУМ

IN Келісім On 26-02-2017


Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен

Біріккен Араб Әмірліктерінің

Жер үсті және су көлігі федеральды агенттігі арасындағы

жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары

туралы өзара түсіністік туралы

МЕМОРАНДУМ


Кіріспе

Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі, Қазақстан Республикасындағы автомобиль көлігі саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы органы және Біріккен Араб Әмірліктерінің Жер үсті және су көлігі федеральды агенттігі, жарлықтар және өкімдерге сәйкес халықаралық келісімшарттар мен келісімдерде мемлекетті өкілдік ететін және Біріккен Араб Әмірліктерінде жер үсті мен су көлігін ұйымдастыруға жауапты, федеральды тәуелсіз орган,

осы Меморандум шеңберінде егемендік қағидаттары мен өзара пайда негізінде Тараптар арасында және транзиттік елдер аумағы арқылы жолаушылар мен жүк тасымалы процесін жеңілдетуге ықпал ететін халықаралық тасымалдар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға жалпы ұмтылысқа сүйене отырып,

төмендегілер туралы өзара түсіністікке келді:


1-бап

Мақсаты

Осы Меморандумның мақсаттары:

1.    Тасымалданатын жүктер көлемі мен жолаушылар саны бойынша статистикалық деректерді қоса алғанда, автомобиль көлігі саласында тәжірибемен, ақпараттармен және зерттеулермен алмасуға жәрдемдесу.

2.    Тараптар арасында автомобиль көлігі қызметінің тиімділігін арттыруға ықпал ететін халықаралық автомобиль тасымалдары саласындағы компаниялар мен ұйымдар арасында байланысты ілгерілету болып табылады.


2-бап

Ынтымақтастық саласы

1.  Автомобиль тасымалдары саласындағы қауіпсіздік.

2.  Жүк автомобиль көлігі құралдары үшін логистикалық қызметтер.

3.  Көлік саясатына байланысты жоспарлау, жүйелер мен процесстер.

4.  Жетілдірілген көлік жүйесі.

5.  Тараптардың өзара келісімі бойынша кез келген басқа да ынтымақтастықтың бағыттары.


3-бап

Ынтымақтастық түрлері

Осы Меморандум мынадай ынтымақтастық түрлерін:

1.  Тараптар арасында тұрақты негізінде екіжақты кездесулерді;

2.  Көлік саясаты мен автомобиль көлігін дамытуға қатысты ақпарат және тәжірибемен алмасуды;

3.  Екі Тарап үшін қызығушылық білдіретін форумдар, көрмелер және кеңестер ұйымдастыруда ынтымақтастықты;

4.  Тараптардың өзара келісімі бойынша ынтымақтастық кез-келген басқа да түрлерін көздейді.


4-бап

Іске асыру

1.  Тараптар осы Меморандумның мақсаттарына қол жеткізу мақсатында мемлекеттік және жеке ұйымдар арасында ынтымақтастық пен тікелей байланысты жеңілдететін, сондай-ақ көлік ұйымдар арасында ынтымақтастық бағдарламасын әзірлеуді қолдайтын болады.

2.  Тараптар екі елдің іскерлік топтарының арасында тікелей байланысты орнатуды қолдайтын және достық қарым-қатынастарды қалыптастыру бойынша өзінің күш-жігерін жандандыратын болады.

3.  Тараптар ақпараттармен алмасу және ынтымақтастық түрлерін талқылау үшін сарапшылар отырыстарын ұйымдастыруы мүмкін, Тараптардың өзара келісімі бойынша олардың мерзімі және өткізу орны анықталады.

4.  Тараптар осы Меморандумның орындалуына байланысты шығыстарды егер өзге тәртіп келісілмесе, өздері көтереді.


5-бап

Жұмыс комиссиясы

Осы Меморандумның орындалуын бақылауды жүзеге асыру мақсатында Тараптар жұмыс комиссиясын құрады. Жұмыс комиссиясы Тараптар арасындағы жаңа ынтымақтастық бағытын құрастырады және талқылайды. Отырыстар өзара негізінде жылына бір рет немесе қажет болған жағдайда өткізіледі. Қабылдаушы Тарап отырыста төрағалық етеді.


6-бап

Осы Меморандум заңға міндетті шарт болып табылмайды және әр Тарап үшін қандай болсада қаржы немесе заң міндеттерін жүктемейді.


7-бап

Осы Меморандум 2017 жылғы «15» қаңтарында Әбу Даби қаласында екі данада қазақ, араб, ағылшын және орыс тілдерінде қол қойылған. Түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін артықшылыққа ие болады.


Қазақстан Республикасы                                        Біріккен Араб Әмірліктерінің

Инвестициялар және даму                                         Жер үсті және су көлігі

министрлігі атынан                                                федеральды агенттігі атынан


SHARE THIS ON:

26

FEB