ҚР СІМ мен БАӘ СІХЫМ арасындағы Консулдық мәселелер жөніндегі бірлескен комиссияның бірінші отырысының ХАТТАМАСЫ

IN Келісім On 20-08-2017

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі

мен

Біріккен Араб Әмірліктерінің Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігі

арасындағы Консулдық мәселелер жөніндегі бірлескен комиссияның бірінші отырысының

 

ХАТТАМАСЫ

 

2017 жылғы 22 мамырда Астана қаласында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігі арасындағы Консулдық мәселелер жөніндегі бірлескен комиссияның бірінші отырысы өткізілді.

Қазақстандық тараптың делегациясын Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді, әмірліктер тарапының делегациясын Біріккен Араб Әмірліктері Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Ахмед Саид Ильхам аль-Захери басқарды (делегациялар құрамы қоса берілуде).

Отырыс өзара сенім мен түсіністік жағдайында өтті. Тараптар консулдық қызметтің барлық мәселелері жөнінде пікір алысты. Екі жақ достық пен өзара ынтымақтастық рухында дамып отырған екі елдің саяси-экономикалық, мәдени қарым-қатынастарының жоғары деңгейін атап  өтісті. Делегациялар отырыс барысында талқыланған барлық мәселелерді шешіп отыру – екіжақты байланыстар мен қатынастарды кеңейтудегі екі мемлекет басшылары арасында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудағы басым міндеттердің бірі болып табылады деп, ортақ ұстаным танытты.

1. Тараптар ұлттық паспорт иелері болып табылатын екі мемлекет азаматтарын визалық тәртіптен 30 күндік мерзімге өзара босататын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттарды иеленуші азаматтардың өзара визасыз сапарлары туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қою жөніндегі келісуді зор қанағаттанарлықпен қабылдады. Осыған орай, Біріккен Араб Әмірліктеріне кіру үшін ұлттық паспорт иелері болып табылатын ҚР азаматтарына визасыз тәртіп орнатуына орай қазақ тарапы әмірліктер тарапына ризашылық білдірді.

2. Қазақ тарапы «Астана» халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі мен Дубай халықаралық қаржы орталығының мемлекеттік қызметтер офисі арасындағы ынтымақтастық шеңберінде визалық қызмет көрсету саласында тәжірибе алмасуға дайын екендігін мәлімдеді.

Әмірліктер тарапы бұл ниетті Дубай халықаралық қаржы орталығына жеткізетініне сендірді.

3. Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы сотталған тұлғаларды беру туралы шарт жобасын талқылап, биылғы жылы қол қою үшін келісу үдерісін тездету бойынша уағдаласты.

Қазақ тарапы қылмыскерлерді Қазақстан Республикасына экстрадициялаудағы ынтымақтастық үшін ризашылық білдірді.

Тараптар экстрадиция мен қылмыстық істер бойынша соттық өзара жәрдемдесуге көмек көрсету жөніндегі жұмыстарды бұдан былай да жалғастыруға келісті.

4. Қазақстан азаматтарын тұтқынға алу, ұстау немесе бостандығынан айыру туралы Әмірліктердің құзыретті органдарының Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі өкілдіктерін өз уақытында хабардар етіп отыруларының қажет екенін қазақ тарапы атап өтті.

Әмірліктер тарапы бұл өтінішті Әмірліктердің құзыретті органдарына жеткізетініне сендірді.

Тараптар екі мемлекетте қос азаматтықты болдырмау мәселелері жөнінде пікір алысты.

Қазақ тарапының сұрауы бойынша Әмірліктер тарапы қабылданған тәртіп жөнінде Әмірліктер аумағына келетін әрбір шетелдіктің және олардың жас балаларының жеке паспорттары мен визаларының болуы қажеттігі туралы толық ақпаратты дипломатиялық арналар арқылы жолдайтынын мәлімдеді.

 

Тараптар Астана қаласында өткізілген Консулдық мәселелер жөніндегі бірлескен комиссияның бірінші отырысының нәтижесіне қанағаттанғандық білдіріп, келесі отырысты 2018 жылы Әбу Дабиде өткізу туралы келісті, өткізілуінің нақты мерзімі дипломатиялық арналар арқылы келісіледі.

 

Осы Хаттама 2017 жылғы 22 мамырда Астана қаласында қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды және қол қойылды.

                                                                                                      

 

Қазақстан делегациясының басшысы

 

_________________________

Мұхтар  Бескенұлы Тілеуберді

Әмірліктер делегациясының басшысы

 

________________________

Ахмед Саид Ильхам аль-Захери


SHARE THIS ON:

20

AUG